13 мая 2025


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ЖЫЛ КӨЛЕМІНДЕ 12 ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІНДЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері 2024–2025 оқу жылында аймақтық және республикалық деңгейдегі пікірсайыс турнирлерінде озық нәтиже көрсетіп, топ жарды. Университет атынан қатысқан білім алушылар жыл көлемінде ұйымдастырылған пікірсайыс турнирлерінің барлығында жеңімпаз атанды.

«Математика-Физика» білім беру бағдарламасының 1 — курс студенті Бақыт Баянды және «Азық түлік өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламасының 1 — курс білім алушысы Алмасұлы Мерхат оқу жылы басталғалы 6 республикалық, 3 аймақтық, 3 қалалық пікірсайыс турнирінде 1-орын иеленді. Атап айтқанда, “PRESIDENT CUP V”, «Maslihat CUP», «Jastar soilesin», «Shygys CUP», «Жаңа Қазақстан: жасампаз ел мұраты», “SEMEY OPEN – 2025” республикалық пікірсайыс турнирлері және тағы да басқа білім додасында үздік ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

– Пікірсайыс – ой-өрісті дамытатын, шешендікке баулитын, сыни ойлауды қалыптастыратын ерекше интеллектуалдық ойын. Бұл – тек жарыс емес, жеке тұлға ретінде өсуге бағытталған орта. Мен дебатқа тек жеңіс үшін емес, жаңа көзқарас, шынайы достар мен дамушы орта табу үшін барамын, – деді Бақыт Баянды.

Тақырып сайыс басталардан небәрі 15 минут бұрын беріледі. Бұл – жедел шешім қабылдап, ойын нақты жеткізу дағдысын қалыптастырады. Мерхат Алмасұлы Хабар арасындағы “ Азамат “ теледебат шоуына қатысып, өзінің зейіні мен білімін көрсетіп келеді.

– Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысында пікірсайыс қозғалысы ерекше қарқын алып келеді. Жас буын өкілдері аға буынның жолын жалғап, республикалық турнирлерде алдыңғы орыннан көрінуде. Бұл ойлы, көшбасшы жастадың қалыптасуына үлкен ықпал етеді,  — деді ол.

Пікірсайыс – тек интеллектуалды ойын емес. Бұл – елдегі және әлемдегі өзекті мәселелерді терең талдай алатын, сыни ойлайтын, еркін әрі сауатты сөйлейтін жаңа буынды тәрбиелеудің тиімді құралы.