14 мая 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚЫТАЙДА ӨТКЕН «STUDY IN KAZAKHSTAN» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

Amanzholov University өкілдері Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында өткен «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесіне қатысты.

Іс-шара Үрімжі кәсіптік университетінің базасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім министрлерінің «Орталық Азия – Қытай» форматындағы алғашқы отырысы аясында өтті.

Айта кету керек, бұл – СУАР аумағында қазақстандық тараптың бастамасымен алғаш рет өткізіліп отырған бірегей шара.

Көрме барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекетіміз отандық білім берудің экспорттық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Ресми бөлімде халықаралық ынтымақтастықтың стратегиялық басымдықтары ұсынылып, қытайлық оқу орындарымен әріптестікті нығайтудың маңыздылығы айтылды.

Университетіміз шетелдік студенттерге арналған білім беру бағдарламаларын, ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобаларын лайықты деңгейде таныстырды.

Amanzholov University бакалавриат, магистратура және академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында білім алуға ниет білдірген шетелдік студенттердің қызығушылығын тудырды.

ШҚУ ректоры іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне және аталмыш көрмеде университеттің атынан сапалы жұмыс атқарған командаға алғысын білдірді.