16 мая 2025
«ТАРИХИ ЖОЛ»: ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ АЙТМҰХАМБЕТ ҚАСЫМОВҚА АРНАЛҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ ӨТТІ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұстаз, журналист, жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, университеттің Құрметті профессоры Айтмұхамбет Қасымовтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Тарихи жол» атты шығармашылық кеш өтті.
Кеш барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, кітап көрмесі ұйымдастырылды.
– Айтмұхамбет Қасымов – тек қаламгер ғана емес, үлкен мектеп қалыптастырған ұстаз. Журналистиканың жүгін көтеретін жаңа толқын жастарды тәрбиелеп, оларға бағыт-бағдар берді. Қаншама шәкірті бүгінде республикалық, аймақтық басылымдарда жемісті еңбек етіп жүр. Бұл – ұстаздың ерен еңбегінің, үлкен жүрегінің айғағы. Сізге шығармашылық шабыт пен мықты денсаулық тілейміз,- дейді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Журналистика мамандығының студенттері қаламгердің «Туған жер әуендері», «Арулар әлемі», «Батырбектің хандығы» сияқты шығармаларынан үзінділер оқып, ән орындады. Сондай-ақ «Мәңгіліктің бекетінде» пьесасынан сахналық көрініс қойылып, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Айтмұхамбет Қасымовтың аудармашылық еңбектері мен ғылыми-зерттеу қызметі де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, оның қазақ тіліне аударған Дэвид Рэндаллдың «Әмбебап журналист» оқулығы мен Григорий Гребенщиков, А.П. Чехов шығармалары қазіргі қазақ журналистикасына қосылған сүбелі үлес ретінде жоғары бағаланды.
Қаламгердің әзіл-сықақ жанрындағы туындылары да сахналанды. Студенттер «Қайран етігім-ай!» атты шығарманы шеберлікпен орындады.
Кештің екінші бөлімінде Айтмұхамбет Қасымовпен сұхбат ұйымдастырылып, студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Сонымен қатар, мерейлі кештің иесі өз қаламынан туған еңбектерін студенттерге және университет кітапханасына тарту етті.