16 мая 2025
WORKSHOP: АРНАЙЫ ЖӘНЕ БАЛАМАЛЫ ӘДІСТЕР АРҚЫЛЫ ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАРДЫ ИНКЛЮЗИВТІ ҚОЛДАУ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ШҚО білім басқармасы мен облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесінің қолдауымен «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау құзыреттілік орталығы» жобасы аясында педагогтерге арналған қайырымдылық «WORKSHOP» ұйымдастырылды.
Аталған шараға әр ауданнан 160-тан астам дефектолог, логопед, психолог, педагог-ассистент пен бастауыш сынып мұғалімдері қатысып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдауға арналған пленарлық отырысқа, сондай-ақ арнайы және баламалы әдістер көрсетілген шеберлік сағатына қатысты.
– Әр аймақтан жиналған педагогтер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс барысында жаңа технология мен әдістерді қолдануы үшін біздің университет әрдайым ізденіс үстінде. ШҚУ ұзақ жылдан бері инклюзия бағытында жаңа білім бағдарламаларын енгізіп, жаңа әдістерді бірінші болып қолданысқа енгізуде, – деді стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова.
Қайырымдылық шарасынан түскен қаражат ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған дефектологтың кәсіби үстелін дайындауға жұмсалады. Ол өңірдегі білім басқармасының «Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» мекемесіне табысталады.
Пленарлық отырыс аясында университеттің қауымдастырылған профессоры Юлия Кукина ата-аналарды түзету процесіне тарту бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялады.
Зерттеу нәтижесі бойынша 55,8% ата-ана – педагогтерден жеке кеңес алғанды қалайды, 25,1% – тренинг пен жиналыстарды құптайды; 54,3% – инклюзивті білім беруде қиындық жоқ десе, 18,6% – маман тапшылығын атап өткен.
Психолог Майгүл Идиришова өз шеберлік сағатында балалардың танымдық дағдыларын дамытуда музыкалық тәсілдердің тиімділігіне тоқталды.
– Балалар әнін айту арқылы ерекше білім беру қажеттілктері бар балалардың танымы кеңейіп, зейіні дамиды. Өз тәжірибемде көңілді әндерді асыға күтетін балалар бар. Олар аспаптардың түр-түсін, дыбысын тыңдап, ажырата бастайды. Балалардың қалауларынан олардың даму деңгейін байқаймыз. Кейбіреуі маған: «Осы түсті болсын, сынық болмасын» деп нақты талап қояды, – деді ол.
Ауқымды шараға қатысқан педагогтер оқу үдерісіне қажетті заманауи құралдар мен әдістемелерді көріп, кәсіби тұрғыдан пайдалы мәліметтер алды.
– ШҚУ-дағы «Дана бала» орталығының жұмысымен таныстым. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түрлі оқу құралдары бар екен. Әр зертханада жұмыс істейтін білікті мамандардың шеберлік сағатына қатысып, тәжірибе алдым. Аймақтағы инклюзияны дамытуға үлес қосып отырған оқу орнына алғыс айтамын, – деді Өскемен қаласындағы №7 орта мектеп мұғалімі Динара Бөкеева.
–Университет дайындаған оқу құралдары мен әдістемелік тәсілдермен таныстым. Әсіресе дефектолог пен логопед мамандарға арналған материалдар ерекше ұнады. Бұл шара – кәсіби даму үшін зор мүмкіндік, – деді Ю.А.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебінің мұғалімі Аяулым Камалбекова.
Аталған іс-шара педагогтерге ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін меңгеруге ықпал етті. Университет мамандары дайындаған әдістемелер мен құралдар тәжірибеге тиімді қолданылмақ. Мұндай кездесулер кәсіби байланысты нығайтып, инклюзивті білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.