17 мая 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ КОНЦЕПТУАЛДЫ ОҚЫТУ МЕН ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Шәріпбек Әмірбеков «Оқыту мен ғылыми зерттеулердің концептуалды негіздері» тақырыбында семинар өткізді.

Кездесуге университеттің педагогикалық бағыттағы профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттар қатысты.

– Бүгінгі күні білім беру жүйемізде концептуалды оқытудың жетіспейтіні байқалады. Мен Аманжолов университетінің оқытушылары мен жастарына осы оқыту жүйесінің бағыттары мен ерекшеліктерін түсіндірдім. Дамыған елдерде білім беру жүйесі дәл осы концептуалды білім беруге негізделген. Сондықтан бұл мәселе қазіргі таңда өте өзекті, – деп атап өтті Шәріпбек Әмірбеков.

Концептуалды оқыту – бұл білім берудегі тәсіл, мұнда басты назар фактілерді жай жаттап алуға емес, негізгі идеялар мен ұғымдарды терең түсінуге бағытталады. Бұл тәсіл білім алушылардың концепциялар арасындағы байланысты көруіне, білімді жаңа жағдайларда қолдануына және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Семинар барысында концептуалды оқытудың теориялық негіздері, білімді игеру деңгейлері, менталдық модельдер, когнитивтік фреймдер және парадигмалық концепттер секілді маңызды ұғымдар талқыланды.