19 мая 2025


«ШАБЫТ» ТЕАТРЫНЫҢ 10-МАУСЫМЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ЖАБЫЛДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың белсенді жастарынан құралған «Шабыт» студенттік театрының 10-маусымы салтанатты түрде жабылды. Шара аясында театр ұжымының 10 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Университет ректоры Мұхтар Төлеген өнерлі жастарды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Жабылу маусымында сахналанған «Бір күні бәріміз бақытты боламыз» атты қойылым ана мен бала арасындағы нәзік байланысты суреттеді. Орыс драматургының туындысын 3-курс студенті Ақбота Нұрланқызы қазақ тіліне аударған.

Аталған спектакль елордада өткен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті ұйымдастырған «Үміт» IV студенттік театрлар фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациясын жеңіп алды. Байқауға еліміздің 8 студенттік театры қатысты.

Сонымен қатар, Семей қаласында өткен «Адамдық борышың» республикалық студенттік театрлар фестивалінде ұжым «Ар» атты қойылымымен өнер көрсетіп, «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленді. Бұл фестивальге 12 театр қатысты.

«Шабыт» театрының жетекшісі Ертай Қасенов сарапшылар студент-актерлердің сахнадағы сөйлеу мәдениетімен қатар, ішкі жан-күйін жеткізе білу қабілетін жоғары бағалады деп атап өтті.

Шара соңында театр мүшелеріне университет ректоры атынан тәтті сыйлықтар табысталды.

Алдағы күзде театрдың 11-маусымы ашылып, көрермендерді жаңа қойылымдармен қуантпақ.