С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде көрнекті жазушы, этнограф, тарихшы, фольклортанушы Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәніктің 90 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық экспедиция ұйымдастырылды.
Ауқымды шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен профессор, филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдиманұлы, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай, саясаттану ғылымдарының докторы, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі Шәріпбек Әмірбеков, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжаһан Орда, белгілі журналист Көлбай Адырбек және студенттер қатысты.
Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев қор мен экспедицияның мақсат-міндеттерімен таныстырып өтті.
– Бүгінгі шараның мақсаты – жазушы, этнографтың бай әдеби мұрасын насихаттау, ұлттық құндылықтарды түгендеу, қазіргі тарихи-мәдени орындардың жағдайымен танысу, жергілікті шежірешілер мен этнографтармен кездесулер ұйымдастыру. Сонымен қатар, білім алушылардың қатысуымен ұлттық дүниелердің дәріптелуіне ықпал ету, – деді ол.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы қатысушылар алдында Зейнолла Сәніктің прозасындағы ұлттық идея тақырыбында баяндама жасап, жазушы шығармашылығындағы төлтума болмыс пен қазақ дүниетанымының көркем бейнесіне кеңінен тоқталды.
Шара аясында тың ғылыми пікірлер айтылып, ұлт руханиятына қосылған елеулі еңбектер сараланды. Экспедиция жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды бағалауға, тарихи жадыны құрметтеуге үндеген тағылымды бастама ретінде жоғары бағаланды.