20 мая 2025


ТУРИЗМ БАҒЫТЫНДАҒЫ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ ТӨРТ ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында туризм бағыты бойынша өткен аймақтық олимпиадада Семей қаласындағы №20 орта мектептің түлегі Данэля Каменова Гран-при жеңіп алып, «Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша университеттің төрт жылдық білім грантына ие болды.

Ол «Абай облысындағы туризмді дамыту» тақырыбында өз жобасын сәтті қорғап, өңірдің туристік әлеуетін талдап, авторлық туристік маршрутын ұсынды.
– Осы жобамның арқасында мен төрт жылдық грант иегері атандым. Идеяларым мен талпынысымның жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Болашақта еліміздің туристік әлеуетін арттыруға өз үлесімді қосып, адамдарды саяхатқа шабыттандырғым келеді, – деп бөлісті Данэля.

Сонымен қатар, олимпиадада бірінші орын иеленген Өскемен қаласындағы №35 орта мектептің түлегі Ақжарқын Майтпасова «Қазақстандағы этнографиялық туризм: болашағы мен бағыттары» тақырыбындағы жобасын табысты қорғап, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

– Туризм – тек саяхаттау ғана емес, бұл – ел мен елді байланыстыратын көпір. Ол арқылы халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін әлемге танытып, ел экономикасының дамуына үлес қосуға болады. Сол себепті болашағымды осы саламен байланыстырғым келеді. Осы жолда мен үшін алғашқы маңызды қадам – Amanzholov University екенін мақтанышпен айтамын, – деді Ақжарқын.