21 мая 2025


ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКАҒА БАСТАР ЖОЛ: ШҚУ СТУДЕНТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КУРСТАН ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Медина Уканова Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің (MNU) базасында өткен Euronews академиясының TV Journalism курсынан сәтті өтті.

Курс төрт қарқынды модульден тұрды. Студенттер халықаралық деңгейдегі мамандардан білім алды. Олардың қатарында Euronews-тің Астанадағы бюро жетекшісі Боян Бркич және бас редактордың орынбасары Серхио Кантоне бар.

– Euronews академиясындағы TV Journalism курсы – менің кәсіби дамуыма ерекше серпін берген маңызды кезең болды. Әсіресе практикалық бөлімі аса құнды болды. Біз жаңалық сюжеттерін түсірдік, сұхбат алдық және нағыз редакция жағдайында жұмыс істеп көрдік, – деп бөлісті Медина.

Бағдарлама әр студенттің жеке жаңалық сюжетін түсіруімен қорытындыланды. Оқытушылардың айтуынша, Медина бұл тапсырманы ғана емес, бүкіл курс барысында жоғары дайындық пен белсенділік танытқан.

– Медина барлық тапсырманы, оның ішінде соңғы жаңалық сюжетін түсіруді де жоғары деңгейде орындады. Ол белсенділік танытып, кәсіби сұрақтар қойып, материалды тез меңгерді.  Оның тележурналистика саласында болашағы зор, – деп атап өтті курс тренері, 30 жылдан астам тәжірибесі бар медиаэксперт Боян Бркич.