22 мая 2025


ШҚУ ҒАЛЫМДАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ БОЙЫНША БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазақстандық технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС ұйымдастыруымен технологияларды коммерцияландыру бойынша ғалымдардың біліктілігін арттыруға арналған оқыту семинары өтті.

Іс-шараны университет ректоры Мұхтар Төлеген ашып, өзінің алғы сөзінде ғылыми жаңалықтардың нарыққа жол табуы – университет дамуының басты басымдығы екенін атап өтті.

Семинар барысында қатысушылар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру стратегиясын құру, бизнеспен тиімді әріптестік орнату бойынша теориялық білім алды. Сонымен қатар, 4-5 ғылыми жоба тобы ҚазТКО сарапшыларынан инвестиция тартуға бағытталған практикалық ұсынымдар мен жеке кеңестер алды. Жоба таныстырылымдарының нәтижесінде әлеуетті инвесторлар мен жеке серіктестерді тарту мүмкіндіктері артты.

– Бүгінгі семинардың басты мақсаты – университет ғалымдарының технологияларды коммерцияландыру саласындағы біліктілігін арттыру. Шара аясында оқу орнындағы ғылыми жобалармен танысып, оларды одан әрі коммерцияландыру бойынша нақты ұсыныстар берілді, – деді «Қазақстандық технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директоры Құрманғазы Омаров.

Семинар аясында ҚазТКО бас директоры Құрманғазы Омаров қатысушыларға «Технологияларды коммерцияландыруға арналған гранттық байқауға өтінімді сәтті дайындау жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Ал ҚазТКО инвестициялар жөніндегі директоры А.Е.Джунусова «Бизнес-серіктестерге ғылыми жобаны тиімді таныстыру жолдары» бойынша практикалық семинар өткізді.

— Қазақстандағы инновациялық модель мен коммерцияландыру тетіктері, сондай-ақ өнімді патенттеу мен нарыққа шығару кезіндегі жиі кездесетін кемшіліктер жөнінде тың ақпарат берілді. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды коммерцияландыру өте маңызды. Ол өңірдің ғана емес, елдің дамуына жол ашады, — деді физика және технологиялар кафедрасының профессоры Досым Ерболатұлы.

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.