27 мая 2025


ШҚУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК АЯСЫНДА ҮЛКЕН АЛТАЙ ӨҢІРІН КЕШЕНДІ ЗЕРТТЕУДІ БАСТАДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Алтай әлемінің мәдениет контексінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Ауқымды шараны университеттің «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы ұйымдастырды. Семинар жұмысына Германияның Лейбниц атындағы Шығыс Еуропа тарихы және мәдениеті институтының зерттеу тобы қатысты.

Жиында Шығыс Қазақстан мен Үлкен Алтай аймағының трансшекаралық кеңістігіндегі пәнаралық байланыстар, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың өзекті теориялық және әдіснамалық мәселелері, сондай-ақ олардың практикалық маңыздылығы талқыланды.

– Біздің ғылыми институт Шығыс Қазақстан университетімен бірлесіп жазғы мектеп ұйымдастырып жатыр. Бұл – Үлкен Алтайды әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыда зерттеуге бағытталған алғашқы жұмыстардың бірі. Климаттың өзгеруі тұрғындардың ауыл шаруашылығымен айналысуына қалай әсер ететінін қарастырамыз. Арадағы серіктестіктің нәтижесінде нәтижелі ғылыми жобалар жүзеге асады деп сенемін, — деді Германиялық ғалым, Лейбниц атындағы Шығыс Еуропа тарихы және мәдениеті институтының ғылыми қызметкері Андрей Виноградов.

Ол «Климаттың өзгеруі және гуманитарлық ғылымдар: Үлкен Алтай тарихына пәнаралық көзқарас» атты баяндама жасап, жаһандық климат өзгерісінің аймаққа әсері туралы өзекті деректермен бөлісті.

Семинар барысында тағы да бірқатар маңызды тақырыптар қамтылды: Азияға саяхат жасаған мажарлар, климаттың өзгеруі және Үлкен Алтай тарихы, Шығыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік-демографиялық дамуы, жазушы Оралхан Бөкей шығармаларындағы табиғат бейнесі, Қазақ Алтайының табиғи ерекшеліктері мен киелі жерлері.

Экология және география кафедрасының қауымдастырылған профессоры Анатолий Цыганов «Қазақ Алтайы табиғатының ерекшеліктері» атты баяндамасында Шығыс Қазақстан табиғатын зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Ол аймақтағы ерекше өсімдіктер мен таулы ландшафтарды сипаттап, сирек кездесетін табиғи құбылыстарды бейнелейтін фотосуреттер көрсетті. Шетелдік зерттеу тобы осы ерекше аймақтарды аралап көруге қызығушылық танытты.

ШҚУ профессор-оқытушылар құрамы қонақтарға өңірдің әсем табиғатын таныстырып, оның ғылыми тұрғыдан зерттеуге болатын ерекшеліктерін атап өтті. Алдағы бірлескен зерттеу жобаларында қазақстандық ғалымдардың баяндамалары шетелдік әріптестер үшін маңызды материалға айналмақ.

– Бүкіл әлем зерттеп жатқан маңызды мәселе – климаттың өзгеруін зерттеу – біздің өңір үшін де аса өзекті. Бұл – жаһандық мәселеге бей-жай қарамай, нақты қадам жасап отырғанымыздың дәлелі. Университет ғалымдары сіздердің зерттеу жұмыстарыңыздың тиімді аяқталуына барынша қолдау көрсетеді, – деді университеттің стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова.

«Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Майра Тарлаубай Экспедицияның басты мақсаты – климаттың өзгеруі жағдайында Алтай тау аймақтарындағы табиғи орта мен қоғам арасындағы өзара байланысты зерттеу деп атап өтті.

— Жазғы бағдарлама аясында Катонқарағай өңіріне ғылыми экспедиция жоспарланып отыр. Маршрут бойынша біз Өрел, Берел қорымы, Рахман қайнары, Катонқарағай ұлттық паркі, Урунхайка ауылын аралаймыз. Қайтар жолда Марқакөл қорығында боламыз, – деді Майра Тарлаубай.

Бұл бағдарлама арқылы аймақтың экологиялық жағдайын, тарихи-мәдени мұрасын және әлеуметтік өзгерістерін кешенді түрде зерделеу көзделіп отыр.

Семинар соңында шараға белсене қатысқан мектеп мұғалімдеріне, университет оқытушыларына және Германиядан келген зерттеу тобының мүшелеріне халықаралық дәрежедегі сертификаттар табысталды.