28 мая 2025


«АНА ҮЙІ» ҚОРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ИННОВАЦИЯЛЫҚ КУРС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«Ана Үйі» республикалық қоғамдық қайырымдылық қоры үшін «Баланың қолайсыз тәжірибесі және баланың жарақаттануы» тақырыбындағы инновациялық курс өз жұмысын бастады. Бұл курс әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және балалар үйлеріне түсетін балалар санын жыл сайын азайту мақсатында жүзеге асырылуда.

Бағдарламаны Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры, БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының сарапшысы И.К. Мацкевич әзірледі.

Курс аясында қордың 72-ден астам қызметкері үш ай бойы теория мен тәжірибені ұштастыра отырып оқудан өтеді. Қатысушылар баланың психологиялық жарақатын қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізіп, нақты кейстермен, әрекет ету стратегияларымен және практикалық жағдайлармен жұмыс істейді.

Оқыту барысында тәжірибеге басымдық беріледі: электрондық сынып-кітапхана, тәжірибеге негізделген интервизиялық сессиялар және командалық іс-қимыл жағдайын қорғау форматтары қарастырылған. Нәтижесінде, қор қызметкерлері мен болашақ мамандарға арналған электрондық оқу-әдістемелік ресурс жасалады.

Бұл курс — балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби даярлығын арттырып, жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу тетіктерін тиімді жетілдіруге үлес қосады.