29 мая 2025


ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, сондай-ақ облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы «Мемлекеттік архив» мекемесінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар ХХ ғасырдың ең қайғылы беттерінің бірі — саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық кезеңіне тоқталып, оның халық санасына қалдырған ауыр іздері туралы ой бөлісті.

– Бүгінгі шара студент-жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға ықпал етеді. Әсіресе, болашақ тарихшылар үшін бұл – өткенді зерделеп, келер ұрпаққа жеткізудің маңызын түсінуге үлкен мүмкіндік. Студенттер бұрын-соңды көп жарияланбаған деректермен танысып, кейбірі әлі күнге дейін құпия сақталып отырған құжаттар жайлы біле алады. Осындай күрделі тақырыптар білім алушылар үшін зерттеу нысанына айналуы тиіс, – деді цифрландыру және архивтер басқармасы «Мемлекеттік архив» КММ құжаттарды жариялау және ғылыми пайдалану бөлімінің жетекшісі Татьяна Шустова.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – қазақ халқы бастан кешкен ауыр тарихи кезеңдерді ұмытпау, тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбандарын еске алу арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1920–1930 жылдары елімізде 100 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген.

– Бұл шара университетімізде дәстүрлі түрде жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер, сондай-ақ архив және әкімшілік өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан бұл кездесулер – тарихи жадымызды жаңғыртып, болашаққа бағдар беретін маңызды қадам. Елдің іргетасын мықты ету үшін әр азамат өз тарихын білуі керек, – деді проректор өз сөзінде.

Сондай-ақ, ол шараның елін, жерін сүйетін отаншыл ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.