30 мая 2025


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА САЛАСЫНДА КӘСІБИ БІЛІМДЕРІН КЕҢЕЙТТІ

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде Ашық есік күні өтті. Аталған іс-шараға С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері мен оқытушылары белсене қатысып, кәсіби бағдар мен құқықтық саланың заманауи құралдарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара аясында студенттерге құқықтық статистика органдарының қызметі, даму бағыттары және цифрлық жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, «Е-қылмыстық іс», «Әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі», «Е-өтініш» жүйелері мен «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» жобасы бойынша мазмұнды ақпарат ұсынылды.

Комитет порталы – Qamqor.gov.kz арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу мүмкіндіктері түсіндіріліп, интерактивті кейстер мен сұрақ-жауап форматындағы тапсырмалар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Ашық есік күніне қатысу – ШҚУ студенттері үшін теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастырып, болашақ кәсіби бағытын айқындауға маңызды қадам болды.