4 июня 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ 132 «СЕРПІН» ТҮЛЕГІ ОҚУЫН ТӘМАМДАП ЖАТЫР

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазіргі таңда 440 студент білім алуда. Биыл олардың ішінен 132 түлек университетті сәтті тәмамдап, ел дамуына өз үлесін қоспақ.

«Серпін» бағдарламасы арқылы еліміздің еңбек ресурсы тапшы өңірлерінен келген жастар Шығыс Қазақстанда сапалы білім алып, өңірдің әлеуетін арттыруға септігін тигізіп келеді. Бүгінде түлектердің бір бөлігі жұмыс берушілермен алдын ала келісімшарт негізінде жұмысқа орналасуға дайын.

Соның бірі — Түркістан облысы, Созақ ауданынан келген Бекзат Утжанов. Ол Amanzholov University-де білім алған алғашқы күндерінен бастап белсенділік танытып, университеттің қабылдау комиссиясында жұмыс істеген. Сонымен қатар, оқуымен қатар түрлі қалаларға барып, талапкерлермен байланыс орнатып, университетті насихаттауға атсалысқан.

– Биыл оқуымды аяқтап, магистратураға түсу жоспарда бар. Дипломымды алған соң тәрбие бөліміне ресми түрде жұмысқа тұрамын деген келісім бар. Өзімнің ізіммен биыл бірнеше туысым да осы бағдарлама аясында Amanzholov University-ге түсуге ниетті, – деді қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының студенті Бекзат Бақытжанұлы.

Айта кету керек, соңғы он жыл ішінде С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды 1200-ге жуық «Серпін» студенті аяқтаған. Олар ел көлемінде түрлі салада табысты қызмет атқарып, білім мен ғылымда өз орындарын табуда.