5 июня 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИЗИКАЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ (KPS) IV ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Қазақстандық физикалық қоғамының (KPS) IV жыл сайынғы халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
Ауқымды шараға Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Ирландия, Малайзия, Польша және Қазақстанның өзге қалаларынан жетекші ғалымдар мен қонақтар қатысуда.
Ағылшын тілінде өтетін конференция халықаралық ғылыми диалог, озық тәжірибе алмасу мен физика және оған іргелес ғылымдар саласындағы зерттеулерді үйлестіруге арналған бірегей алаң болмақ.
Аталмыш шараға әлемнің әр түкпірінен келген мықты ғалымдардың қатысуы — Қазақстан ғылымының, әсіресе іргелі және қолданбалы физика саласындағы жетістіктерінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Өскемен – табиғаты көркем Шығыс Қазақстан өңірінде орналасқан, өнеркәсіптік және ғылыми әлеуеті зор қала. Аймақ мол табиғи байлығы мен өндірістік қуатын ұштастыра білген. Мұнда Үлбі металлургия зауыты, Титан-магний комбинаты (ӨТМК) және «Қазмырыш» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар орналасқан. Шетелдік ғалымдар Үлбі металлургиялық зауыты мен Қазмырыш зауыттарының музейлерін аралап, өңірдің бай тарихымен, сондай-ақ жоғары оқу орындары және өндіріс орындары бірлесіп жүзеге асырып жатқан ғылыми жобалармен танысады.
Конференция бағдарламасында пленарлық отырыстар мен секциялық баяндамалар, постерлік сессиялар, Web of Science және Scopus базаларында индекстелген журналдарда жарияланған ғылыми еңбектер баяндалады.
Жас ғалымдар мен студенттердің ғылымға тартылуына ерекше көңіл бөлініп отыр, бұл елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.