5 июня 2025
IV ANNUAL CONFERENCE OF KAZAKH PHYSICAL SOCIETY: ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК ФИЗИКТЕРІ AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында Қазақстандық физикалық қоғамының IV жыл сайынғы конференциясы өтуде. Әлемдік үздік ғалымдар бас қосқан алқалы жиын тек университет тарихындағы емес, тұтас елдің ғылыми әлеуетін танытатын маңызды оқиға. Конференция барысында бүгінгі іргелі және қолданбалы физиканың күн тәртібін айқындайтын төрткүл тарапқа танымал ғалымдар баяндама жасап, маңызды мәселелерді көтерді.
IV жыл сайынғы конференция Қазақстан мен шетелдің жетекші физиктерін, зерттеушілерін және ғылыми мектептер өкілдерін бір шаңырақ астына жинады. Үш күн бойы бұл шара ұлттық шеңберден шығып, физика ғылымының болашағы мен үздік ғылыми жобалар жайлы халықаралық диалог алаңына айналды. Ұлыбритания, Польша, Түркия, Малайзия секілді елдерден келген жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Сонымен қатар, отандық жас ғалымдар мен студенттер де конференцияға қатысуда. Кембридж университетінің (Ұлыбритания) профессоры Сиддхарт С.Саксена — кванттық материя мен спиндік күйлерді зерттеу саласының көшбасшыларының бірі өз баяндамасымен ерекше назар аудартты. Ал Польшаның Вроцлав политехникалық университетінің профессоры Войцех Вилеба жоғары энергиялар физикасы мен ядролық қондырғылар саласындағы зерттеу нәтижелерімен бөліссе, Станислав Сташица атындағы Тау-металлургия академиясының профессоры Марцин Кот нанофизика және конденсацияланған орта физикасы бойынша соңғы әзірлемелерді ұсынды.
– Бұған дейін де Өскеменде зерттеу жұмыстарын жүргізген болатынмын, сол себепті бұл қалаға тағы да оралу мен үшін үлкен қуаныш. Шығыс Қазақстан өңірі табиғи ресурстарға өте бай, бұл өз кезегінде материалдарды зерттеу ісіне деген ынта мен қызығушылықты арттырады. Осы конференция – алдағы кең көлемді ғылыми ынтымақтастық пен зерттеулердің бастамасы деп білемін. Болашақта металлургия, титан және сирек кездесетін металдар саласында бірлескен жобаларға ерекше көңіл бөлінеді, – деді профессор Сиддхарт С.Саксена.
Конференцияда STEM-білім беру және физика пәнін оқыту әдістемесі саласының маманы Малайзияның Султан Идрис педагогикалық білім беру университетінің өкілі доктор Мұхаммед Нуразлан бин Абд Азиз, сондай-ақ Сакарья университетінің (Түркия) профессоры Али Чорух плазмалық физика мен материалтану бағытындағы жұмыстарын талқыға салды. Сондай-ақ, Назарбаев университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰТЗУ, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты және еліміздің басқа да жетекші ғылыми ұйымдарының ғалымдары өз жобаларымен танысты.
– Бұл конференция Қазақстанның жетекші физиктері мен жас зерттеушілерін, оқытушылар мен білім алушыларды біріктіретін маңызды дәстүр. Қазіргі таңдағы кез келген технологиялық прогрестің негізінде – ғылым, соның ішінде ең алдымен физика тұр. Сондықтан Қазақстандық физикалық қоғамының жыл сайынғы конференциясының маңызы өте жоғары. Әсіресе, жаңа ғылыми-технологиялық революция белең алып жатқан қазіргі кезеңде мұндай ғылыми алаңдардың болашаққа берері көп, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Конференция аясында БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Тұрақты энергетика жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Чокан Лаумулин келешекте энергия шығынын үнемдеуге бағытталған жобаларын назарға ұсынды.
– Бүгінгі таңда адамзат өндірілген энергияның едәуір бөлігін тасымалдау кезінде жоғалтады. Егер біз асқын өткізгіш материалдарды жасап, оларды кең көлемде қолдана алсақ, энергияны шығынсыз тасымалдауға қол жеткіземіз. Бұл, әрине, оңай шаруа емес, көп ғылыми зерттеу мен уақыт қажет, – деді Чокан Лаумулин.
Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкері Лаифа Буфенди қатерлі ісікке қарсы жаңа технологияны таныстырып, отандық ғылымның медицинамен байланысы жайлы баяндамасын ұсынды.
– Қазіргі таңда біз өз зерттеуімізде нанотехнология мен микротехнология бағыттарына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Негізгі мақсатымыз – қатерлі ісіктің нақты орнын анықтап, ағзаға кері әсерін тигізбестен, емдеуді дәл сол жерге бағыттау, яғни ісікті локализациялау. Бұл бағытта біз магниттік гипертермия әдісін қолдана отырып, ісікке дейін жетуді көздейміз. Осы тәсіл арқылы қатерлі ісікті дәл табу мен оны тиімді емдеу мүмкіндігі артады, – деді ғалым.
Конференция бағдарламасында пленарлық отырыстар мен секциялық баяндамалар, постерлік сессиялар, Web of Science және Scopus базаларында индекстелген журналдарда жарияланған ғылыми еңбектер баяндалды. Конференция аясында шетелдік ғалымдар Үлбі металлургиялық зауыты мен Қазмырыш зауыттарында болып, сондай-ақ жоғары оқу орындары және өндіріс орындары бірлесіп жүзеге асырып жатқан ғылыми жобалармен танысты.