6 июня 2025
ШҚУ-ДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ АЯСЫНДА ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАР ІРІ ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында Қазақстандық физикалық қоғамының (KPS) IV жыл сайынғы халықаралық конференциясы аясында қатысушылар өңірдегі ірі кәсіпорындармен танысты.
Шетелдік делегация Үлбі металлургиялық зауыты мен «Қазмырыш» АҚ кәсіпорнының музейлерін аралап, өндірістік кешендердің жұмысымен танысты. Үлбі металлургиялық зауытының көрме орталығында қонақтарға кәсіпорынның бай тарихы мен заманауи өндірістік технологиялары таныстырылды. Ғалымдарға бериллий, тантал және уран өндіру технологиялары, осы металдардан жасалған бұйымдар, сондай-ақ уран таблеткаларын өндіру үдерісі туралы кеңінен ақпарат берілді. Зауытта үш толыққанды өндіріс кешені жұмыс істейді.
Сонымен қатар, қонақтар назарына бериллий өнімі, тантал өндірісінің макеті, Қазақстанның Монета сарайының өнімі – медальдар мен монеталар ұсынылды.
– Әлем бойынша уран өндіруде Қазақстан бірінші орында. Бүгін біз уран өндірісімен, уран таблеткаларын жасайтын шығаратын кәсіпорынмен таныстық. Қуантатыны – бізде толық циклді өндіріс бар. Ендігі міндет – АЭС салу ғана, – деп атап өтті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың зерттеушісі Азамат Әшірбек.
Сапар барысында ғалымдар «Қазмырыш» кәсіпорнына да барды. Олар кәсіпорын музейін аралап, құрылымдық бөлімшелері мен жалпы өндіріс барысы жайлы мағлұмат алды. «Қазмырыш» кәсіпорны үш облыста орналасқан: Шығыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстары.
Өскемен металлургия кешені, Риддер металлургия кешені, Бұқтырма гидроэнергетикалық кешені, Риддер кен байыту кешені, «Алтай» кен байыту кешені және Жәйрем кен байыту комбинаты ірі өндірістік кешендер мен еншілес кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды. Көрмеде әртүрлі кендер және дайын өнімдердің макеттері ұсынылды.
Атап өтейік, университет пен Шығыс Қазақстан облысының ірі кәсіпорындары мен ұйымдары арасында 450-ден астам кадр даярлау туралы келісімшарт жасалған. Сондай-ақ, 150-ден астам кәсіпорын – серіктестермен тығыз байланыс орнатылған. Бұл әріптестік студенттер мен түлектерге тәжірибеден өтуге және тікелей жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, университет білім беру бағдарламаларын кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастықта бейімдеп, түлектерді тек теориялық біліммен ғана емес, еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай практикалық дағдылармен қамтамасыз етеді.