6 июня 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАРҒА ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІН ТАНЫСТЫРДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Қазақстандық физикалық қоғамының (KPS) IV жыл сайынғы халықаралық конференциясы өтті. Аталған іс-шара аясында әлемнің әр түкпірінен келген жетекші ғалымдар университеттің ғылыми-зерттеу орталықтарымен танысты.

Қонақтарға 2009 жылы құрылған Ұжымдық пайдаланудағы ұлттық ғылыми зертхана бөлімшелерінің қызметі таныстырылды. Бұл зертханалар химиялық зерттеулер, өсімдік биологиясы және биотехнология бағытында заманауи жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар студенттердің, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жобалары ұсынылды.

2018 жылы ашылған «Беттік инженерия және трибология орталығының» қызметі де ғылыми қауымдастық назарына ұсынылды. Бұл орталық металдар мен материалдардың бетін қатайту, олардың тозуға төзімділігін арттыру бойынша зерттеулер жүргізеді. Ғалымдарға бірқатар технологиялар: электролиттік-плазмалық өңдеу, детонациялық бүрку, электрофрикциялық қатайту, газ жалынымен бүрку, химиялық-термиялық өңдеу технологиялары көрсетілді. Барлық процестер зертханаларда және өндірістік цехтарда жүргізіледі.

– Бүгін мен үшін бәрі жаңашыл әрі қызықты болды. Университеттің өз өндірісінің барына таңғалдым. Мұнда ғылым мен өндіріс тығыз байланысты, нақты нәтижелер жасалып жатыр. Конференцияда көп баяндамалар теориялық бағытта болса, бұл жерде тәжірибеге басымдық берілген. Мен өз бағытымда теориялық модельдеумен айналыссам, мұнда зерттеулер тәжірибе арқылы жүргізіліп, нақты нәтижелер алынады, – деп бөлісті конференция қатысушысы Тілектес Шугаева.

Сонымен қатар, ғалымдарға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды дамытуға және оңалтуға арналған инновациялық құрылғылар таныстырылды. Атап айтқанда, кресло-вертикализатор, психолог-дефектологтың кәсіби үстелі және тағы басқалары. Бұл өнімдер «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау құзыреттілік орталығы» атты коммерцияландыру жобасы аясында жасалған. Жобаны жүзеге асыруға университеттің кәсіби мамандарымен қатар студенттер де қатысты. Өнімнің барлық үлгілері бастапқы кезеңде «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы мен церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтуға арналған «DEMEY» қолдау орталығының базасында сынақтан өткізілді.

Экскурсия соңында шетелдік ғалымдар ғылыми орталықтар толық техникалық базамен қамтылған, зертеулерді жүргізуге, өңірдің экономикасын көтеруге ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалған деп жоғары баға берді.