9 июня 2025


БІЛІМ БЕРУДІ ЦИФРЛАНДЫРУ: ШҚУ ОҚЫТУШЫЛАРЫ RDMP ӘДІСТЕМЕСІ БОЙЫНША ОҚЫТУДАН ӨТУДЕ

Алма-матер қабырғасында «Жоғары білім беруді цифрландыру жағдайындағы оқыту және бағалау стратегиялары» атты оқыту курсы бастау алды. Бұл қарқынды курсқа ШҚУ-дың 50 оқытушысы қатысуда. Сабақты педагогика ғылымдарының кандидаты, Astana IT University профессоры Айдос Мұқатаев жүргізуде. Бір аптаға созылатын мазмұнды бағдарлама RDMP (Research, Discussion, Modeling & Presentation – зерттеу, талқылау, модельдеу және таныстырылым) әдістемесі бойынша өтуде.

Авторлық курс тәжірибеге бағытталған және топтық тапсырмалар, презентациялар мен бейнедәрістер арқылы жүзеге асырылады.

— Барлық оқу іс-шаралары аяқталғаннан кейін тыңдаушылар IT саласындағы білім беру бағдарламаларын әзірлеу принциптерін меңгеріп, тиімді оқытушы болу дағдыларын игереді. Сонымен қатар, курс пәндер бойынша сапалы оқу-әдістемелік ресурстарды жобалауға бағытталған, — деді Айдос Мұқатаев.

Курсты сәтті аяқтаған оқытушыларға біліктілікті арттыру сертификаты және «Білім беру стратегияларының әдіскері» микробіліктілігі бойынша куәлік табысталады.