11 июня 2025


ГРАНТТАРДЫ ӨТЕУ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ МАНСАП ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Мемлекеттік білім беру грантын өтеу мәселелері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен Мансап орталықтарының республикалық форумында талқыланды. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «Қаржы орталығы» АҚ-ның, еліміздің жоғары оқу орындары жанындағы Мансап орталықтарының, «Атамекен» ҰКП ШҚО филиалының, «Серпінді Қолдау» өңірлік кеңсесінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Форум Amanzholov University-де өтті, бұл оқу орнында бірнеше жыл қатарынан «Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 98%-ды құрап отыр.

Екі күнге созылатын форум барысында еліміздің 30-ға жуық ЖОО-ның Мансап орталықтарының мамандары мемлекеттік грантты өтеу бойынша практикалық шешімдерді іздеп, жұмыс тәсілдерін жетілдіру жолдарын қарастырады.

«Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің директоры Берік Сыздықовтың айтуынша, 2022–2024 жылдар аралығында 16 256 адам ауылдық квота және педагогикалық мамандықтар бойынша бюджет қаражаты есебінен білім алған. Оның тек 5625 түлегі қазір өздеріне бөлінген қаражатты еңбек етіп өтеп жатыр, 57-сі оқу ақысын мемлекетке қайтарды. Ал 8069 адам заңмен бекітілген міндеттемелерді орындаудан жалтарып отыр.

– Бұл жағдайдың негізгі себебі көптеген жастар қала өміріне бейімделіп, ауылға қайта оралғысы келмейді. «Серпін» бағдарламасының қатысушыларының да басым бөлігі тұрғын үйдің жоқтығын алға тартады. Дегенмен, мұндай жағдайда азаматтық жауапкершілік танытып, еліміздің заңнамасын ұмытпаған жөн, – деп атап өтті Берік Сыздықов.

«Білім туралы» Заңға сәйкес, бюджет қаражаты есебінен білім алған азаматтар оқуын аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде жұмыс істеуге міндетті. Педагогикалық, медициналық, ветеринарлық және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы мамандар өз саласына сәйкес мекемелерде еңбек өтеуі тиіс. Ал басқа мамандықтар бойынша білім алған түлектер мемлекеттік те, жекеменшік ұйымдарда да еңбек ете алады. Егер студент ауылдық квота бойынша оқуға түскен болса, ол міндетті түрде ауылдық жерлерде жұмыс істеуі керек.

Форум барысында Мансап орталықтарының мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар университеттің ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жолдамалар беру, өтініштерді жинау, сондай-ақ мемлекеттік грантты өтеуге жәрдемдесудегі Мансап орталықтарының рөлі туралы айтып берді.

– Біздің Мансап орталығының мамандары түлектерге бос жұмыс орындарын іздеуге көмектесіп, еңбек нарығына бейімделуге жағдай жасайды. Резюме мен түйіндеме жазуға қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуға арналған тренингтер ұйымдастырады. Ең тиімді құралдардың бірі – кең ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Биыл көктемде біз 200-ден астам жұмыс берушіні жинаған жәрмеңке өткіздік. 2500-ге жуық студент осы шара арқылы өзіне лайықты жұмыс тапты, – деді Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген.

Панельдік сессияның соңында «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің директоры Берік Сыздықов елдегі барлық Мансап орталықтарында ақпараттық жұмысты күшейтіп, түлектерге бос жұмыс орындары, кандидаттарға қойылатын талаптар және грантты өтеу тәртібі бойынша өзекті мәліметтерді ұсынуға шақырды.