13 июня 2025


«ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУДІ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ОҚЫТУ ЖӘНЕ БАҒАЛАУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ» КУРСЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жоғары білім беруді цифрландыру жағдайындағы оқыту және бағалау стратегиялары» атты курс өз мәресіне жетті.

Аталған курс 2025 жылғы 2–13 маусым аралығында өткізілді. Қарқынды курсты педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Айдос Агдарбекұлы Мухатаев әзірлеп, жүргізді.

Курсқа қатысушылар авторлық бейнедәрістер топтамасына қол жеткізді. Ол 24 бейнематериал мен 10 тақырып бойынша (медиа-құралдарды қоса алғанда) презентациялардан тұрды

Практикалық бағыттағы бұл курс заманауи педагогикалық құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар оқыту стратегияларын терең меңгеріп, әсіресе ынтымақтастықта жұмыс істеу, сыни ойлау технологиясы, сондай-ақ білім беру үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды.

Курс барысында студенттердің оқу жетістіктерін қалыптастырушы бағалау бойынша цифрлық тапсырмалар әзірлеу, нақты жағдаяттарды (кейс) талдау бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ тиімді кері байланыс ұсыну мен оқытуды дараландыру тәсілдері АКТ құралдарын қолдану арқылы талқыланды.

Курс жоғары білім беру жүйесінде цифрлық трансформация жағдайында оқыту мен бағалаудың сапасы мен тиімділігін арттыруды мақсат етеді.

Курс соңында С. Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушыларына біліктілікті арттыру сертификаттары мен «Білім беру стратегиялары жөніндегі әдіскер» микробіліктілігін иеленгені туралы куәліктер табысталды.