14 июня 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY «МЕН ЖӘНЕ ЗАҢ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ҮШ БІЛІМ ГРАНТЫН ТАБЫСТАДЫ

AMANZHOLOV UNIVERSITY базасында Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен «Мен және Заң» атты облыстық байқау өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара «Заң және тәртіп» мемлекеттік акциясы аясында қолға алынған.

ШҚО прокуратурасының бастамасына қолдау білдіру және «Мен және Заң» байқауының үздік қатысушыларын ынталандыру мақсатында университет басшылығы жеңімпаздарға үш білім грантын тағайындады.

Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, заңға құрметпен қарау және белсенді азаматтық ұстанымды дамыту.

Байқауға мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен құралған 14 команда қатысты. Қатысушылар өз өңірлеріндегі құқықтық мәселелер мен құқық бұзушылықтар тақырыбында шығармашылық қойылымдарын ұсынды.

Жастар көрермендер назарын буллинг, сыбайлас жемқорлық, ұрлық, тұрмыстық жанжалдар, көше қылмыстары сияқты өзекті мәселелерге аударды. Олар бұл тақырыптарды би, сахналық көріністер, шешендік өнер, поэзия, вокал және бейнероликтер арқылы ерекше жеткізді.

– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – тек белсенді, азаматтық ұстанымы бар жастарды анықтау ғана емес, оларды құқық бұзушылықтың алдын алуға, әділдік пен заңдылықты насихаттауға тарту. Қатысушылар байқауға үлкен шығармашылықпен келгеніне қуаныштымыз, – деді Күршім ауданының прокуроры Мұхамеджан Оразбаев.

Қазылар алқасының құрамына ШҚО прокуратурасы мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ өкілдері кірді: университет ректоры Мұхтар Төлеген, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Айжан Қартаева және «Шабыт» студенттік театрының жетекшісі Ертай Қасенов.

– Бұл шараның құқықтық мәдениетті дамытудағы маңызын ескере отырып, біз қатысушылар мен ұйымдастырушыларды біздің қара шаңырақ – университет қабырғасында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Мемлекет басшысы заң мен тәртіпті сақтау – үйлесімді қоғам құрудың негізі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. С. Аманжолов атындағы ШҚУ құқықтық мәдениетті дамытуға өз үлесін қосуда. Біз лудомания, буллинг, нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жүргізіп келеміз, – деп атап өтті университеттің бірінші басшысы Мұхтар Төлеген.

Ауқымды байқаудың жарқын қорытындысы – жеңімпаздарды марапаттау салтанаты болды. Қазылар алқасы үш жеңімпаз команданы анықтады. Үшінші орынды және 200 000 теңге көлеміндегі сертификатты Глубокое ауданының командасы жеңіп алды. Екінші орын мен 250 000 теңге жүлде – Өскемен қаласының командасына бұйырды. Ал байқаудың үздік жеңімпазы атанып, 300 000 теңге ұтып алған – Ұлан ауданының командасы болды.