16 июня 2025


ҚХР ТӨРАҒАСЫ СИ ЦЗИНЬПИННІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары — ерекше маңызға ие. Бұл екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сенімді және Қазақстанның өңірлік деңгейде тұрақты әрі стратегиялық серіктес ретіндегі рөлін айқын көрсетеді.

Академиялық қауымдастық үшін бұл сапардың маңызы өте зор. Өйткені білім беру, ғылым және технологиялар саласында қалыптасатын ынтымақтастық — ұзақ мерзімді әрі нәтижелі серіктестіктің берік негізі. Қазақстандық және қытайлық жоғары оқу орындары бүгінде бірлескен жобаларды жүзеге асырып, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамытып, заманауи өзекті мәселелерге қатысты ғылыми зерттеулер жүргізуде. Олардың қатарында орнықты даму, «жасыл» технологиялар мен цифрлық шешімдер бар.

Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға қайта келуі де символдық мәнге ие. Өйткені дәл осы елде 2013 жылы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы алғаш рет ұсынылған болатын. Бұл біздің елдің жаһандық бастамалар мен еуразиялық ынтымақтастықтың белсенді қатысушысы екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Білім және ғылым саласындағы байланыстарды тереңдету екіжақты диалогтың негізгі бағыттарының бірі болмақ. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті серіктестікке ашық және өңірдің зияткерлік әлеуетін дамытуға өз үлесін қосуға дайын.