17 июня 2025


УНИВЕРСИТЕТТЕ «JAS AKADEMIK» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Абай облысынан келген 25 мектеп оқушысының қатысуымен «JAS AKADEMIK» білім беру жобасы басталды. Осыған орай қатысушылармен университет ректоры Мұхтар Төлеген кездесті.

Биылғы жылы «JAS AKADEMIK» жазғы мектебі С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында өтуде. Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылып отыр.

Жаз мезгілінде 8, 9 және 10-сынып оқушылары жаратылыстану-математикалық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, университет оқытушыларымен бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

– Сіздерді біздің университет қабырғасында қарсы алғаныма қуаныштымын. «JAS AKADEMIK» – жай ғана демалыс кезіндегі мектеп емес, бұл – мектеп пен ғылым әлемін жалғайтын көпір, – деді Мұхтар Төлеген.

 Айта кетейік, бағдарламаға Семей қаласындағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының – гимназиялар мен «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары қатысуда.