17 июня 2025


«DANA BALA» ОРТАЛЫҒЫНДА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде облыс мектептерінің педагогтарына арналған инклюзивті білім беру бойынша практикалық семинар өтті. Іс-шара «Өрлеу» БАҰО» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалымен жасалған Меморандум аясында ұйымдастырылды.

Семинар университет базасындағы «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығында өтті. Спикері – орталық жетекшісі Алима Алипова.

Шара аясында «Dana Bala» орталығына экскурсия ұйымдастырылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қызықты тренингтер өткізілді. Сонымен қатар, педагогтерге инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеудің әдістері көрсетіліп, университет оқытушылары әзірлеген авторлық технологиялық және әдістемелік шешімдер таныстырылды.

Аталған әзірлемелер Досым Ерболатұлы мен Рауан Байчинов жетекшілік ететін «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және техникалық-әдістемелік қолдау құзыреттілік орталығы» жобасы аясында жүзеге асырылуда.

– Бүгін біз ерекше орталықта болдық. Орталықтың материалдық-техникалық базасы өте жоғары деңгейде, бағдарламалары толығымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген.Біз әртүрлі тиімді әдістермен танысып, нақты тәжірибе алдық. Бұл біз үшін құнды әрі пайдалы болды, – деп бөлісті семинар тыңдаушысы Татьяна Павлова.

Семинар соңында қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.