19 июня 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ АҚБАУЫРДА АРХЕОЛОГТАР ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Тарих және қоғамтану» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері жыл сайын археологиялық тәжірибеден өтеді. Биыл да студенттер өздерінің іс- тәжірибесін Ақбауыр тарихи-археологиялық кешенінің базасында аяқтап, дәстүрлі түрде өтетін «Археологтар қатарына қабылдау» рәсіміне қатысты.
Салтанатты шараға тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор, Басқарма мүшесі Жаннета Калимолдина, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалин сондай-ақ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары қатысты.
Студенттер 2018 жылдан бері зерттеліп келе жатқан ежелгі темір дәуіріндегі сақ қонысын қазу жұмыстарымен айналысты.
— Тәжірибенің басты мақсаты – студенттерге археологияның негіздерін үйрету. Университетте олар теориялық білім алады, ал мұнда олар қазба жұмыстарын нақты тәжірибе арқылы меңгерді. Олар қоныстарды қазып, керамика сынықтары, жануарлардың сүйектеріжәне тас құралдары сияқты жәдігерлерді анықтады. Сонымен қатар археологияда қолданылатын жаңа технологиялармен, мысалы аэрофототүсірілім, геодезия негіздерімен танысты, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, тәжірибе жетекшісі Максим Половцев.
«Археологтар қатарына қабылдау» — археологиялық қазба жұмыстарына алғаш рет қатысқан студенттер үшін өткізілетін дәстүрлі рәсім. Ол әдетте тәжірибе соңында өтеді және қатысушыларды біріктіретін маңызды мәдени оқиға. Іс-шара концерттік бағдарламамен басталды. Практикадан өткен студенттер ән-би, КВН және «AрхеоLook» атты сән көрсетілімін ұйымдастырды. Бұл байқауда студенттер далалық жағдайда қолда бар құралдардан ерекше образдар жасап, сахнада ұсынды.Барлығы үш команда қатысты.
Екінші кезең– эстафета болды. Онда студенттер кешен аумағында арнайы жасырылған заттарды іздеп тауып, түрлі кедергілерден өтті.
— Олар тек білім мен тәжірибе жинап қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін де көрсетті. Эстафета арқылы болашақ археолог болу – кез келген жағдайда жұмыс істеп, төзімділік пен күш-жігерді талап ететін күрделі сала екенін түсінді, – деді Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының сениор-лекторы, тәжірибе жетекшісі Құралай Жириндинова.
Шара соңында жеңімпаздарға жүлделі орындар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, тәжірибе кезінде белсенділік танытқан студенттер арнайы номинациялармен марапатталды.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейімен серіктестік аясында болашақ тарихшылар Ақбауыр, Берел, Шілікті сияқты археологиялық кешендерде белгілі археологтармен бірге қазба жұмыстарына қатысып, мол тәжірибе жинақтауда.