30 июня 2025


ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНДА ЭКСПЕДИЦИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Алтай мемлекеттік университетінің ғалымдары «Astana IT University» ЖШС келісім бойынша жүзеге асырылып жатқан «ЖҚЗ деректерін, ГАЖ-технологияларды және машиналық оқытуды қолдана отырып, Шығыс Қазақстан облысындағы апатты су тасқынын болжау жүйесін әзірлеу» жоба шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы аумағында экспедициялық зерттеулерге қатысты.


Сапар барысында ШҚО аумағының репрезентативті учаскелерінде кешенді ландшафттық сипаттамалар жасалды. Бұл жұмыстарға зерттеу алаңдарының ботаникалық сипаттамасы мен топырақ қазбаларын (қималарын) салу да кірді. Барлығы 18 егжей-тегжейлі ландшафттық сипаттама орындалды.


Бақылау нүктелерінде топырақ ылғалдылығы экспресс-әдіспен 1 метрлік қабатта (әр 10 см сайын) өлшенді. Бұл үшін Delta-T Devices Ltd (Ұлыбритания) компаниясының ML2 ThetaProbe сенсоры мен HH2 қабылдау құрылғысынан тұратын жиынтық және EIJKELKAMP (Нидерланды) өндірушісінің геологиялық бұрғысы пайдаланылды. Жұмыс барысында 103 өлшеу жүргізілді.
Дала жұмыстары кезінде жер серіктік қашықтықтан зондтау деректерін тексеру үшін әртүрлі жер үсті жамылғылары типтерінде GPS-тең түсіру арқылы бақылау нүктелерінің тізілімі жиналды, сондай-ақ су жинау алаптары мен су тасу аймақтарының эталондық спектралдық қолтаңбалары жинақталып, каталогталды. Нәтижесінде 150-ден астам нүкте жиналды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде зерттеу нүктелері бойынша дерекқорды өзектендіру және жаңғырту жүргізілуде.