3 июля 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ГЁТТИНГЕН УНИВЕРСИТЕТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Германияның Гёттинген университеті өзара ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Гёттинген университеті — 1737 жылы құрылған, Германиядағы ең көне әрі беделді университеттердің бірі. Университет академиялық еркіндіктің үлгісі ретінде танымал және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының қатарында.

QS World University Rankings 2025 бойынша университет әлемде 252-орында.THE 2025 халықаралық рейтингінде Гёттинген университеті шамамен 2 857 университеттің ішінде 121-орынды иеленді.

Құжат аясында тараптар мәдени мұраны зерттеу және сақтау, лингвистикалық және өзге де материалдарды цифрландыру, тіл корпустары мен дерекқорлар жасау бағытында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, ғылыми қызметкерлер мен докторанттармен алмасуға, академиялық іссапарлар ұйымдастыруға, бірлескен іс-шаралар өткізуге және ғылыми жарияланымдар әзірлеуге келісті.

Германия тарапынан орындаушы ұйым ретінде Гёттинген мемлекеттік және университеттік кітапханасы (SUB) айқындалды. Бұл мекеме Орталық Азияға қатысты ғылыми жобаларды қолдайтын бірегей инфрақұрылымға ие.

Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттерінің бірімен орнаған бұл серіктестік Аманжолов университетінің халықаралық зерттеулер мен академиялық алмасулар саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.