10 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «АЗАМАТ» ТЕЛЕДЕБАТЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕЗЕҢІНЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

«АЗАМАТ» республикалық интеллектуалдық теледебат бағдарламасының екінші маусымының аймақтық іріктеу кезеңінде Аманжолов университетінің студенттері жоғары нәтиже көрсетіп, жобаның негізгі телевизиялық кезеңіне жолдама алды.

Аталған іріктеу кезеңінде университет намысын қорғаған Жігер Сарсенбаев пен Мерхат Алмасұлы өздерінің терең білімі мен шешендік қабілетін дәлелдеп, тартысты пікірталастар барысында белсенділік танытты. Нәтижесінде олар қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, республикалық деңгейде бақ сынау мүмкіндігіне қол жеткізді.

Іріктеу кезеңіне еліміздің әр өңірінен келген 60 жоғары оқу орнының 650-ге жуық қатысушысы қатысып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік және заманауи өзекті тақырыптар аясында өзара бақ сынады. Іріктеу кезең оффлайн форматта, Павлодар қаласында өткен болатын. Іріктеу 3 кезеңнен тұрып, нәтижесінде Аманжолов университетінің студенттері негізгі кезеңге жолдама алды.

Айта кету керек, «АЗАМАТ» теледебатының негізгі кезеңіне Қазақстан Республикасы бойынша ең үздік 32 жоғары оқу орнының студенттері ғана қатысады. Бұл талап жобаның беделі мен қатысушыларға қойылатын жоғары интеллектуалдық деңгейдің айқын көрсеткіші болып табылады.

Аманжолов университетінің студенттері өткен маусымда да аталмыш жобада өз университетінің абыройын абыроймен қорғаған болатын. Биылғы маусымда да олардың республикалық кезеңге жолдама алуы — жас буынның азаматтық ұстанымы мен зияткерлік әлеуетінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«АЗАМАТ» жобасы студент жастардың саяси сауаттылығын арттыруға, шешендік өнерін дамытуға, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге және елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуына зор мүмкіндік береді. Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің және «Хабар» телеарнасының қолдауымен жүзеге асырылуда.