29 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ ОҚЫТУШЫСЫ ALMAU УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӨТКЕН АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН ЛОГИСТИКАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУҒА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ
2025 жылғы 23–26 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы «AlmaU» университетінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Асель Апышeва ғылыми-практикалық семинар өткізді. Семинар «Агроөнеркәсіптік кешен логистикасын цифрландыру: мониторинг пен аналитикадан интеграцияланған жеткізу тізбектеріне дейін» тақырыбына арналды.
Аталған іс-шара «Цифрлық логистика жағдайында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің сүт өнімдері ішкі жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты ғылыми жобаны (ИРН АР 26101867) іске асыру аясында ұйымдастырылды. Жобаның негізгі бағыты – агроөнеркәсіптік кешенде цифрлық логистиканы енгізу арқылы өндіріс пен жеткізу тізбектерінің тиімділігін арттыру.
Семинарға «Digital logistics», «Content, Marketing and Data Analysis», «Менеджмент» және «Маркетинг» білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын магистранттар мен докторанттар қатысты. Қатысушылар агроөнеркәсіптік кешендегі логистикалық үдерістерді цифрландырудың заманауи құралдарымен, деректерді талдау әдістерімен және интеграцияланған жеткізу тізбектерін басқару модельдерімен танысты.
Семинардың басты мақсаты – білім алушыларда агроөнеркәсіптік кешен логистикасының цифрлық трансформациясы туралы кешенді ғылыми түсінік қалыптастыру және оның жеткізу тізбектерін басқару тиімділігін арттырудағы рөлін ашып көрсету болды.
Іс-шара дәрістер мен ғылыми пікірталастар форматында өтіп, нақты кейстер мен ғылыми жарияланымдарды талдаумен ұштастырылды. Мұндай тәсіл магистранттар мен докторанттардың сыни ойлау, талдау және зерттеушілік дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қатысушылар цифрлық экономиканың агроөнеркәсіптік кешенге әсерін ғылыми тұрғыда пайымдауға дағдыланды.
Семинар барысында алынған білім мен тәжірибе болашақта магистрлік және докторлық диссертацияларды, ғылыми мақалаларды, сондай-ақ цифрлық экономика мен агроөнеркәсіптік кешен логистикасы саласындағы қолданбалы зерттеулерді әзірлеуде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Семинар қорытындысы бойынша білім алушылар цифрлық логистиканы басқару саласында кәсіби құзыреттерді қалыптастырып, жеткізу тізбектерін талдау мен интеграциялаудың заманауи тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру үдерістеріне қатысты ғылыми көзқарастары кеңейіп, зерттеушілік әлеуеттері артты.




