4 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ СТУДЕНТТЕРІ МЕН АДВОКАТТЫҢ КЕЗДЕСУІ: КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ ТӘЖІРИБЕСІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Құқықтану» және «Сот және прокурорлық қызмет» білім беру бағдарламаларының студенттері кәсіби тәжірибені арттыру және құқықтық сауаттылықты кеңейту мақсатында танымал тәжірибелі адвокат Клара Нұркасовамен кездесті. Іс-шара «Адвокаттың адамның конституциялық құқықтарын қорғаудағы рөлі» тақырыбына арналды.

Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің құқық қорғау саласындағы кәсіби көзқарасын қалыптастыру, адвокатура институтының қызметі мен оның құқықтық мемлекет құрудағы маңызын түсіндіру, сондай-ақ сот процесінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдерімен таныстыру болды.

Шара барысында Клара Нұркасова адвокаттық қызметтің ерекшеліктері, этикалық нормалар, адвокат пен клиент арасындағы сенімнің маңызы, қылмыстық және азаматтық істердегі қорғау тактикалары туралы кеңінен айтып өтті. Адвокат студенттердің сұрақтарына жауап беріп, кәсіби тәжірибесінен нақты мысалдар келтіре отырып, құқық қолдану практикасының өзекті мәселелерін талқылады.

Талқылауға Құқықтану кафедрасының оқытушылары Гүлмира Байркенова және Ерлан Баденбаев белсенді қатысып, кездесудің мазмұнды өтуіне өз үлестерін қосты. Олар адвокатураның елде заң үстемдігін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, болашақ заңгерлерді зерттеушілік және кәсіби дағдыларды үздіксіз жетілдіруге шақырды.

Кездесу студенттер үшін құқықтық ой-өрісті тереңдетіп, құқықтық мәдениетті дамытуға, сондай-ақ заң саласында кәсіби бағдар таңдауда маңызды мотивациялық әсер берген мазмұнды білім алаңы болды.