4 марта 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АННА ВАСИЛЬЕВНА ЕГОРИНАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы заманауи зерттеу үрдістері» тақырыбында студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ауқымды шара көрнекті ғалым, экология және география кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы Анна Васильевна Егоринаның 80 жылдық мерейтойына арналды.
Анна Васильевна Егорина 1946 жылғы 4 наурызда Үлкен Нарын ауданында дүниеге келген. Оның кәсіби қызметінің 20 жылдан астам уақыты жоғары білім беру саласымен тығыз байланысты болды. Университет қабырғасында еңбек еткен жылдары Анна Васильевна өзін білікті маман, дарынды ұстаз әрі тәлімгер ретінде танытып, жас мамандарды даярлау мен өңірлік география ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосты.
Профессордың маңызды еңбектерінің қатарында бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған «Біздің өлке – Шығыс Қазақстан» және «Кіші Отан – Шығыс Қазақстан» атты оқу атластары бар. Бұл басылымдар өскелең ұрпақтың туған өлкенің табиғи ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыруда айрықша рөл атқарды.
Анна Васильевна ғылыми қызметінде Шығыс Қазақстан климатының ерекшеліктерін зерттеуге ерекше мән берді. Оның жетекшілігімен «Оңтүстік-Батыс Алтайдың климаты», «Оңтүстік-Батыс Алтайдың тұмандары» сынды бірқатар монографиялар жарық көрді. Ғалымның еңбектері өңірлік климатология мен алтаятану ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Кәсіби қызметі Қазақстан және Ресей ғылыми қауымдастықтарының жоғары бағасына ие болып, көптеген марапаттармен атап өтілді.
Конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар, жас зерттеушілер мен студенттер қатысты. Пленарлық отырыста география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анатолий Чурсин «Профессор А.В. Егоринаның ғылыми жолы: кезеңдері, зерттеулері, педагогикалық мұрасы» тақырыбында баяндама жасады.
Алтай мемлекеттік университеті (Барнаул қ., РФ) География институтының доценті, география ғылымдарының кандидаты Елена Селезнева «Алтай мысалында халықаралық трансшекаралық өңірлер аумағында табиғатты қорғау-туристік аймақтарды қалыптастыру тәсілдері» тақырыбында баяндама ұсынды.
Рязань қаласынан келген биология ғылымдарының докторы, профессор Татьяна Валентиновна Башкирева «Қазақстан мен Ресейдегі заманауи алтаятану мектебінің дамуына А.В. Егоринаның қосқан үлесі: Алтай тауларындағы көшпелілердің климатогенезі мен этногенезі» атты баяндамасында ғалымның ғылыми мектебі туралы кеңінен тоқталды.
Өскемен қаласындағы «Оқу-зерттеу экобиоорталығы» КМҚК директоры Анатолий Цыганов білім алушылардың жаратылыстану-ғылыми және кәсіби сабақтастығын қамтамасыз етудегі экобиоорталықтың рөлі жайында баяндады. Ал экология және география кафедрасының докторанты Анатолий Павленко «Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Ертіс өзені алабы мысалында сандық бедер модельдері негізінде гидрографиялық желіні модельдеу ерекшеліктері» тақырыбында зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Пленарлық отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар конференция қарарын талқылап, ұсынылған зерттеулердің өзектілігін және профессор Анна Васильевна Егоринаның ғылыми мұрасының жаратылыстану ғылымдарын одан әрі дамытудағы маңызын атап өтті. Аталған конференция ғылыми идеялар алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар әріптестерін, шәкірттері мен ізбасарларын бір арнаға тоғыстырған тағылымды іс-шара болды. Бұл жиын ғалымның ғылыми дәстүрін сақтап, жалғастыру жолындағы маңызды қадамға айналды.






