4 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АННА ЕГОРИНАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жаратылыстану ғылымдарындағы заманауи зерттеу үрдістері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды ғылыми шара география ғылымдарының докторы, профессор Анна Васильевна Егоринаның туғанына 80 жыл толуына арналды. Ол – география ғылымының дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым.

Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей Федерациясы және Малайзия елдерінің жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерінің өкілдері қатысты. Секциялық отырыстарға барлығы 106 ғылыми баяндама ұсынылып, бұл жаратылыстану ғылымдары саласындағы өзекті мәселелерге ғылыми қауымдастықтың қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.

Пленарлық отырыста танымал ғалымдар құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми баяндамалар жасады. Олардың қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің физикалық және экономикалық география кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы Қ.Т. Сапаров және Ресей Федерациясының Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінің экономикалық география және картография кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы А.Н. Дунец бар.

Конференция барысында Анна Васильевна Егоринаның ғылыми мұрасына ерекше назар аударылды. Ғалымның мерейтойына орай оның әріптестері мен серіктестері баяндама жасады. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры, география ғылымдарының кандидаты А.С. Чурсин ғалымның ғылыми жолы мен педагогикалық мұрасы туралы баяндады. Ресей Федерациясының Рязань қаласындағы ФСИН Ресей академиясының өкілі Т.В. Башкирева Анна Егоринаның алтаеведение ғылыми мектебінің дамуына қосқан үлесін атап өтті. Университет ардагері Л.А. Линёва белгілі ғалымның жарқын бейнесіне арналған баяндама ұсынды.

Пленарлық сессия аясында трансшекаралық туристік аумақтарды дамыту, оқу-зерттеу экобиоорталығының қызметі, сондай-ақ гидрографиялық желілерді цифрлық модельдеу мәселелері де талқыланды.

Конференция жұмысы үш негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Бірінші бағыт Жер туралы ғылымдардағы заманауи зерттеулерге арналды. Оның ішінде география, геология, геоэкология, климатология, ГИС-технологиялар және аумақтардың тұрақты дамуы мәселелері қамтылды. Екінші бағыт жаратылыстану ғылымдары мен экология саласындағы зерттеулерді қамтып, экологиялық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны мониторингтеу тақырыптарына арналды. Үшінші бағыт жаратылыстану-ғылыми білім беру мен педагогикалық инновацияларға, соның ішінде цифрлық технологияларды оқу процесіне енгізу, педагог кадрларды даярлау және білім берудегі өлкетану компонентін дамыту мәселелеріне арналды.

Ұйымдастыру комитеті жастардың белсенді қатысуын, өңір үшін өзекті ғылыми мәселелердің талқылануын және ұсынылған зерттеулердің жоғары практикалық деңгейін атап өтті. Конференция қорытындысы бойынша шараның табысты өткені айтылып, ұсынылған баяндамалар негізінде ғылыми мақалалар жинағын шығару жоспарланып отыр.