27 февраля 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚАҒИДАТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Аманжолов университетінде өңірдегі білім беру ұйымдарының директорлары мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың кездесуі өтті. Кездесу барысында білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері қарастырылып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қағидаттары талқыланды.
Іс-шараға сондай-ақ ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов қатысты. Олар өз сөздерінде жаңартылған Конституция мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытын күшейтіп, барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қағидатын бекітетінін атап өтті.
Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі — адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Білім беру саласында бұл әрбір баланың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, денсаулық күйіне, діни нанымына және жеке ерекшеліктеріне қарамастан қолжетімді әрі сапалы білім алуға құқығын толық қамтамасыз ету дегенді білдіреді
Кездесуде инклюзивті білім беруді дамытуға, ауыл мектептерін қолдауға және оқушылар үшін тең жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Конституциялық нормалар мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және заманауи білім беру технологияларын енгізуге берік құқықтық негіз қалыптастыратыны атап өтілді.
Сонымен қатар үздіксіз білім беру жүйесі — мектепке дейінгі тәрбиеден бастап кәсіби және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейінгі кезеңдер — жеке тақырып ретінде талқыланды. Біртұтас білім беру траекториясын қалыптастыру әрбір азаматқа өмір бойы біліктілігін арттыруға, жаңа құзыреттерді меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді.
Педагогтерді қолдау мәселесіне де айрықша мән берілді. Мұғалім мен тәлімгер елдің стратегиялық ресурсы ретінде қарастырылып, олардың мәртебесі мен кәсіби дамуына конституциялық деңгейде кепілдіктер берілетіні айтылды.
Жалпы, кездесу мектепке дейінгі, орта және инклюзивті білім беруді дамыту өңір үшін басым бағыт болып қала беретінін және жаңа Конституция қағидаттарын іске асырудың маңызды бөлігі екенін көрсетті.






