26 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕСІРТКІ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің әдістемелік онкүндігі аясында Биология кафедрасында маңызды қонақ дәрісі ұйымдастырылды. Дәрісті Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Мәди Қалиақпаров өткізді.

Қонақ дәрістің тақырыбы — «Қазақстан Республикасында есірткі құқық бұзушылықтары үшін көзделген құқықтық жауапкершілік». Іс-шараның негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік түрлерін жан-жақты түсіндіру, білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыру болды.

Дәріс барысында спикер есірткі құралдары мен психотроптық заттарға қатысты заңсыз әрекеттердің құқықтық салдарына, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлеріне, сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтардың қоғам мен жеке тұлға өміріне тигізетін ауыр зардаптарына кеңінен тоқталды. Нақты мысалдар келтіріле отырып, заң алдындағы жауапкершілікті елемеудің салдары айқын түсіндірілді.

Бұл дәріс білім алушылардың құқықтық санасын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және құқыққа қайшы әрекеттердің ауыр салдарын терең ұғынуына бағытталды. Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды әрі нақты жауаптар алды.

Аталған іс-шара студент жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға елеулі үлес қосты.