24 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕУРАЗИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таныстыруға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және жастардың кәсіби бағдарын айқындауға арналған маңызды платформа – «Еуразиялық білім беру көрмесі» өтті. Бұл жыл сайын кеңейіп келе жатқан, Еуразия аймағындағы жетекші университеттер мен ғылыми орталықтарды бір алаңға біріктіретін екінші ірі шара.

Көрменің негізгі мақсаты – мектеп және колледж бітірушілеріне әлемдік білім беру жүйесінің жаңа трендтерін көрсету, халықаралық серіктестік мүмкіндіктерін кеңейту, академиялық ұтқырлық, қос дипломды бағдарламалар және шетелдік тағылымдамалар туралы нақты әрі толық ақпарат беру, сондай-ақ өңір жастарына халықаралық білімге қолжетімділікті арттыру болды. Шараға Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындары қатысты.

Көрмеде 23 университет, 15 колледж өз стендтерін ұсынды. Әр жоғары оқу орны өздерінің оқу бағдарламаларын, ғылыми бағыттарын, гранттық мүмкіндіктерін және студенттерге арналған халықаралық жобаларын таныстырып, қатысушыларға қос дипломды білім беру, жазғы мектептер, тағылымдамалар және гранттық бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат берді. Көрмеге келген мектеп оқушылары, колледж студенттері және талапкерлер үшін шетелде оқу шарттары, тілдік сертификаттар, визалық талаптар, гранттар мен стипендиялық бағдарламалар бойынша жеке консультациялар ұйымдастырылды.

Аманжолов университеті шара барысында өз инфрақұрылымын, академиялық бағдарламаларын және халықаралық серіктестік желісін таныстырды. Көрме нәтижесінде тараптар білім, ғылым және академиялық ұтқырлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге келісіп, болашақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

 «Еуразиялық білім беру көрмесі» халықаралық білім беру интеграциясын күшейтетін, жастардың кәсіби дамуына бағыт беретін және өңірдің халықаралық білім кеңістігіне ашық енуіне серпін беретін маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.