3 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТАР» АТТЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫН ӨТТІ

Аманжолов университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің әдістемелік онкүндігі аясында Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының 8D01501 – Информатика білім беру бағдарламасының 1-курс докторанттары «Жасанды интеллект және болашақ мамандықтар» атты интеллектуалды ойын ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің заманауи технологиялар саласындағы білімін кеңейту, жасанды интеллекттің даму бағыттарын талқылау және болашақ мамандықтар жөніндегі кәсіби көзқарасын қалыптастыру болды.

Интеллектуалды ойынға кафедраның білім беру бағдарламалары бойынша 1 курс студенттерінен құралған 5 топ қатысты. Әр топ өз атауын және ұранын шығармашылық тұрғыда таныстырып, белсенділік пен тапқырлық көрсетті.

Ойын үш кезеңнен тұрды: 1.Теориялық кезең – қатысушылар заманауи технологиялар мен жасанды интеллектке қатысты сұрақтарға жауап берді. 2.Логикалық және ситуациялық тапсырмалар кезеңі – студенттер логикалық ойлау қабілеттерін және практикалық дағдыларын көрсетті. 3.Шығармашылық кезең – жасанды интеллект пен болашақ мамандықтарға байланысты шығармашылық тапсырмалар ұсынылды.

Іс-шара барысында студенттер өзара тәжірибе алмасты, цифрлық технологиялардың қоғамдағы рөлі мен еңбек нарығындағы жаңа мамандықтардың маңыздылығын талқылады. Интеллектуалды ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға жағымды әсер қалдырды.

Бұл шара білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға, сыни ойлау дағдыларын жетілдіруге және инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды.