17 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ТҰСЫ МЕН ДРОППЕРЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Құқықтану» және «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламалары бойынша 2–3 курс студенттеріне арналған мазмұнды дәріс өтті. Дәрісті Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі (дознаватель), полковник Асхад Кубашевич Каусов жүргізді.

Дәрістің тақырыбы – «Жасанды интеллекттің көлеңкелі тұсы және дропперлік». Кездесу барысында спикер жасанды интеллект технологияларын қылмыстық мақсатта пайдаланудың өзекті қауіптеріне тоқталып, қазіргі таңда кең таралған дропперлік схемаларды және оларға қарсы күрес жолдарын жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар, 3 курс студенттерімен өткен арнайы кездесуде Асхад Кубашевич «Экономикалық қылмыстарды тергеу әдістемесі» атты микробіліктілік бағдарламасының ерекшеліктерін кеңінен таныстырды. Аталған бағдарлама университет пен Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша департаментімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Кездесу аясында спикер:

– экономикалық қылмыстарды тергеу тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді;

– экономикалық қауіпсіздік саласында кәсіби мансап құруға қатысты құнды кеңестер берді;

– бағдарламаға қатысу үшін қойылатын талаптарды түсіндірді;

– студенттердің сұрақтарына ашық диалог форматында жауап берді.

Дәріс барысында білім алушылар тарапынан бағдарламаға деген жоғары қызығушылық байқалды. Кездесу еркін әрі мазмұнды форматта өтіп, студенттердің кәсіби бағдарын айқындауға, сондай-ақ экономикалық тергеу саласындағы практикалық қызметке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.