26 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ТҮСІНДРУ ЖӨНІНДЕГІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті. Аманжолов университеті елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды қолдай отырып, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған мазмұнды іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

Аталған кездесу осы бастамалардың жалғасы ретінде өткізіліп, университет студенттері елдегі конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Іс-шара ашық диалог форматында ұйымдастырылып, қатысушылар өз пікірлерін еркін білдіруге мүмкіндік алды.

Кездесуді университеттің Басқарма төрағасы – ректоры, профессор, Өскемен қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты Мұхтар Төлеген ашты. Ол өз сөзінде Конституция – мемлекеттің негізгі заңы екенін атап өтіп, жаңа Конституция жобасы қоғамды жаңғыртуға, әділетті мемлекет қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді. Сонымен қатар жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында AMANAT партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жанат Мекеева сөз сөйлеп, конституциялық реформалардың саяси жүйені жетілдірудегі рөлін атап өтті. Ол қабылданып жатқан өзгерістердің ел дамуы үшін маңызын және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталғанын жеткізді.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры, Өскемен қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты Арайлым Есімбекова жаңа Конституция жобасының әлеуметтік салаға, еңбек қатынастарына және халықтың әлеуметтік қорғалуына тигізетін ықпалына тоқталды. Ол өз сөзінде «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституциядағы маңызына ерекше назар аударып, құқықтық мемлекет қалыптастыруда заң талаптарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Келесі сөз облыстық мәслихаттың VIII шақырылым депутаты Зоя Новолодскаяға беріліп, ол Конституцияға енгізілетін өзгерістердің жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпалын түсіндірді.

Іс-шара соңында студенттер мен қонақтар арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылар Конституция жобасына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесу естелікке ортақ фотоға түсумен қорытындыланды.

Жалпы, Аманжолов университетінде өткен бұл кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, елдегі реформаларға саналы көзқарас қалыптастыруға және белсенді азаматтық ұстанымды нығайтуға бағытталды.