22 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖОҒАРЫ МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Аманжолов университетінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Университет ректоры Мұхтар Төлеген ұжым алдында сөз сөйлеп, марапат иелерінің еңбегін ерекше атап өтіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Сәкен Қасеновқа мемлекеттік награда — «Шапағат» медалін университет ректоры Мұхтар Төлеген салтанатты түрде табыстады. Бұл марапат қоғамға сіңірген еңбегі мен ел игілігі жолындағы үлесі үшін берілетін жоғары құрметтің бірі.
Марапатты табыстау барысында ректор Сәкен Қасеновтің білім мен ғылым саласындағы қажырлы қызметіне тоқталып, оның кәсіби ортаға және жастар тәрбиесіне қосқан үлесін атап өтті. Ректор өз сөзінде адал еңбек пен жауапкершіліктің әрдайым жоғары бағаланатынын айтып, университет қауымына сәттілік пен жаңа жетістіктер тіледі.
Өз кезегінде Сәкен Қасенов көрсетілген сенім мен құрмет үшін ризашылығын білдіріп, университет басшылығына және әріптестеріне алғыс айтты. Ол алдағы уақытта да білім беру ісіне адал қызмет етіп, жастарды қолдауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізіп, баршаға бірлік пен табыс тіледі.
Салтанатты рәсім барысында Гүлмира Макишеваге де марапатты университет ректоры Мұхтар Төлеген табыстады. Педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының сениор-лекторы, педагогика ғылымдарының магистрі Гүлмира Макишева Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Құттықтау барысында оның студенттер мен магистранттарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулудағы және білім беру саласына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Шара соңында университет ұжымы марапат иелерін құттықтап, алдағы қызметтеріне шығармашылық табыс пен мол жетістік тіледі.








