5 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ИТАЛИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ МӘДЕНИ АТТАШЕСІ ЭДОАРДО КРИСАФУЛЛИ АШЫҚ ЛЕКЦИЯ ОҚЫДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Алматыдағы Италия мәдени орталығының директоры, Италия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің мәдени атташесі Эдоардо Крисафулли ресми сапармен келді.

Іс-шараға университеттің стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова, факультет профессор-оқытушылары, докторанттар мен студенттер қатысты.

Сапардың негізгі бөлігі ретінде Эдоардо Крисафулли «Мәдени коммуникация және аударманың гуманистік принциптері» тақырыбында ашық лекция өткізді. Лекция барысында спикер гуманистік аударма мектебінің ерекшеліктері, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністіктің маңызы, әдеби аудармадағы бейнелік және философиялық тұтастық мәселелері туралы терең мазмұнды ой қозғады.

Лекциядан кейін студенттер мен жас зерттеушілер спикермен пікір алмасып, халықаралық мәдени байланыстар, әлем әдебиеті және аударма теориясы бойынша сұрақтар қойды.

Іс-шара аясында Италия мәдениеті мен әдебиеті туралы мазмұнды сұхбат өтті. Сонымен қатар италияндық шығармадан үзінді қазақ және орыс тілдеріне аударылып, мәтіннің көркемдік ерекшеліктері мен аудармадағы мәдени үйлесімділік мәселелері талқыланды. Студенттер шығарманы әдеби тұрғыдан талдап, оның философиялық және эстетикалық қырларына тоқталды.

Маңызды сәттердің бірі — қатысушылардың қазақ, орыс және итальян тілдерінде еркін пікір алмасуы болды. Бұл көптілді орта студенттердің тілдік құзыретін, мәдениетаралық коммуникация қабілеттерін және халықаралық академиялық ортадағы дайындық деңгейін көрсетті.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті халықаралық әріптестікті кеңейту және көпмәдениетті білімді дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Италия мәдени орталығымен серіктестік студенттердің әлемдік мәдениетке терең бойлауына және халықаралық гуманитарлық жобаларға қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады.