24 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КЕЗЕКТІ ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІК

Аманжолов университетінде кезекті ғылыми жаңалық орын алды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес Карменова Мархаба Ахметоллиновнаға «21100 – Компьютерлік ғылымдар және информатика» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілді.

Бұл маңызды жетістік ғалымның ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу және педагогикалық еңбегінің жемісі болып табылады. Карменова Мархаба Ахметоллиновна өз қызметінде жоғары кәсіби стандарттарды ұстанып, заманауи ақпараттық технологиялар мен компьютерлік ғылымдар саласындағы білімді жетілдіру мен дамытуға елеулі үлес қосты. Оның жетекшілігімен көптеген студенттер мен магистранттар сапалы білім алып, ғылыми жобаларға белсенді түрде қатысып келеді.

Сонымен қатар, профессор Мархаба Карменова халықаралық ғылыми жобалар мен конференцияларда университет намысын абыроймен қорғап, отандық ғылымның дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл ғылыми атақ оның кәсіби жетістіктерін ғана емес, сонымен қатар университеттің ғылыми потенциалын нығайтудағы маңыздылығын көрсетеді.

Аманжолов университетінің ұжымы Карменова Мархаба Ахметоллиновнаны жаңа ғылыми атағымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс, ғылыми зерттеулерде жаңа биіктерге жету және кәсіби жетістіктер тілейді. Бұл оқиға университеттің ғылыми мәртебесін арттырып, білім мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады.