3 февраля 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ АШЫҚ ДӘРІСІ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің химия кафедрасында «Әртүрлі ақша белгілері және олардың айрықша ерекшеліктері» тақырыбында ашық дәріс өтті. Дәрісті Өскемен қаласы Полиция басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі, «Химиялық криминалистикалық экологиялық сараптама» мамандығының түлегі Арман Муликов жүргізді.
Іс-шара барысында лектор өзінің жеке коллекциясындағы түрлі ақша номинацияларын студенттерге таныстырып, олардың практикалық маңызын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар түпнұсқа ақша белгілерін жалған ақшадан ажыратудың негізгі ерекшеліктеріне тоқталды. Қазіргі заманғы криминалистикалық талдау әдістеріне, жалған ақша анықтау тәсілдеріне, сондай-ақ криминалист маманның кәсіби қызметінде қолданылатын химиялық және физикалық сараптама әдістеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Арман Жетілбекұлы криминалистика саласындағы маманның кәсіби маңыздылығын айқындайтын талаптар мен біліктілік сипаттамаларын түсіндіріп, салалық білім мен практикалық тәжірибенің құзыретті сарапшы қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Дәріске «Химиялық криминалистикалық сараптама», «Химия және наноматериалдар», «Құқықтану» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты. Практикалық бөлім аясында нақты кәсіби жағдайлар, сараптамалық заңбұзушылықтардың және сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мәселелері, сондай-ақ криминалист жұмысының этикалық және құқықтық қырлары талқыланды.
Талқылауға студенттер белсенді қатысып, өзекті сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті және тәжірибеден алынған нақты кейстерді қарастырды. Білім алушылардың сұрақтарына Өскемен қаласы Полиция департаментінің жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалист-маманы, полиция майоры, химия кафедрасының дуалды оқыту бойынша маманы Айнұр Ахметова да жауап берді.
Өткізілген іс-шара білім мен тәжірибенің өзара ықпалдастығының маңыздылығын айқын көрсетіп, криминалистика және құқық қорғау саласында тиімді қызмет атқара алатын білікті, жауапты әрі әлеуметтік тұрғыда саналы мамандарды даярлаудағы рөлін дәлелдеді.





