3 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ 50+» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «ЕМДІК ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ: ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОЗҒАЛЫС» КУРСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2025 жылдың 11–26 қарашасы аралығында «Күміс университет 50+» әлеуметтік-білім беру жобасы аясында «Емдік дене тәрбиесі: денсаулық және қозғалыс» атты оқыту курсы өткізілді. Бұл курс аймақ тұрғындарының белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Курстың негізгі мақсаты – тыңдаушылардың жалпы денсаулығын нығайту, буындар мен бұлшықеттердің жұмысын жақсарту, жас ерекшеліктеріне байланысты туындайтын аурулардың алдын алу және өміршеңдікті арттыруға бағытталған қауіпсіз, тиімді қозғалыс дағдыларын қалыптастыру.

Сабақтарды мәдениет, спорт және алғашқы әскери дайындық кафедрасының тәжірибелі мамандары – сениор-лектор Александр Кругликов және қауымдастырылған профессор Марина Кургликова жүргізді. Олардың кәсіби әдістемесі мен түсіндіру тәсілі қатысушылардың жаңа ақпаратты жеңіл меңгеруіне мүмкіндік берді.

Теориялық бөлім барысында тыңдаушылар емдік дене шынықтырудың ғылыми негіздерімен; қозғалыс терапиясының түрлері мен қолдану ерекшеліктерімен; жаттығуларды дұрыс орындау техникасымен; жүктемені мөлшерлеу, қауіпсіздік ережелері және денсаулыққа зиян келтірмеу жолдарымен танысты.

Сондай-ақ дәрістерде егде жастағы адамдардың ағзасындағы физиологиялық өзгерістер, олардың физикалық белсенділікке әсері және жеке жаттығу бағдарламасын құру қағидаттары кеңінен талқыланды.

Практикалық сабақтар Ольга Рыпакова атындағы спорт кешенінде өтті. Қатысушылар нұсқаушылардың жетекшілігімен арнайы әзірленген сауықтыру жаттығуларының кешендерін жасап, дене белсенділігінің дұрыс тәсілдерін тәжірибеде меңгерді.

Практикалық бөлімге буындардың икемділігі мен қозғалғыштығын арттыруға арналған жаттығулар; бұлшықеттерді күшейтетін жеңіл күштік элементтер; тепе-теңдік пен үйлестіруді дамытатын жаттығулар; 50+ жастағы топқа арнайы бейімделген жұмсақ аэробты қозғалыс бағдарламалары кірді.

Қатысушылар сабақтардың қолайлы қарқынын, жаттықтырушылардың кәсіби қолдауын және курстың қолжетімді әрі пайдалы мазмұнын ерекше атап өтті. Көпшілігі өз денсаулығының жақсарғанын, бұлшықет тонусының көтерілгенін және жалпы көңіл-күйінің жақсарғанын айтты.

Курс соңында тыңдаушыларға арнайы Сертификаттар табысталып, олардың белсенді қатысуы мен нәтижелі еңбегі атап өтілді.

«Күміс университет 50+» жобасы алдағы уақытта да егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа білім беру және сауықтыру бағдарламаларымен жалғасын табады.