12 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «МАШИНАЛЫҚ ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ» КУРСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде цифрлық технологиялар мен заманауи бағдарламалау бағытындағы білімді тереңдетуге арналған ауқымды оқу жобасы бастау алған болатын. Алтай мемлекеттік университетінің информатика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Денис Козлов жүргізіп жатқан «Машиналық оқыту және жасанды интеллект технологиялары» атты онлайн-вебинарлар курсы бүгінде қарқынды жалғасуда.
Аталмыш курс 2025 жылдың 24 қарашасынан 17 желтоқсанына дейін жоспарланып, университет оқытушыларының, жас зерттеушілердің және ІТ саласына қызығушылық танытқан мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруді мақсат етеді. Бағдарлама жасанды интеллект саласындағы қазіргі трендтерді, алгоритмдерді және олардың практикалық қолдану тетіктерін қамтиды.
Вебинар барысында тыңдаушыларға теориялық білім ғана емес, нақты практикалық тапсырмалар ұсынылады. Қатысушылар жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып бағдарламалық өнімдер әзірлейді; машиналық оқыту әдістерін тәжірибеде қолданады; түрлі есептерді шешуге арналған интеллектуалды модульдер жасайды; Python тілінде ML/DL кітапханаларымен жұмыс істейді; нейрондық желілердің жұмыс принципін меңгереді; деректерді өңдеу, талдау және болжау дағдыларын дамытады.
Практикалық тапсырмалар қатысушылардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, ІІ-алгоритмдерді нақты жобаларда пайдалану қабілетін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, курс оқытушыларға студенттермен жұмыс жасауда жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануға, практикалық бағыттағы сабақтарды байытуға, әрі заманауи цифрлық хаб ретінде университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып, оқытушылардың кәсіби дамуына жағдай жасап келеді. Жасанды интеллект курсының өткізілуі – университеттің халықаралық серіктестікке және әлемдік білім трендтеріне сай болуға бағытталған маңызды бастамаларының бірі.
Бұл курс тек білім беру үдерісін жетілдірумен шектелмей, өңірде ІТ-мамандар даярлау сапасын арттыруға, академиялық қауымдастық пен ғылыми ортада жасанды интеллектке қатысты зерттеулерді күшейтуге ықпал етеді.