28 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ТӘРБИЕШІСІНІҢ КӘСІБИ ІС-ӘРЕКЕТІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНАУИ АСПЕКТІЛЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

ҚР Оқу-ағарту министрлігімен келісілген мектепке дейінгі ұйым педагогтарына арналған білім беру бағдарламасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығында 2026 жылғы 26 қаңтар – 06 ақпан аралығында мектепке дейінгі ұйым педагогтарына арналған «Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісінің кәсіби іс-әрекеті және оның заманауи аспектілері» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы басталды.

Курстың мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаларды арнайы ұйымдастырылған дамытушы ортада тәрбиелеу мен оқыту үдерісінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби іс-әрекет деңгейін арттыру, педагогикалық шеберлігін жетілдіру және кәсіптік стандарт талаптарына сәйкес тәрбиешінің кәсіби қызметіне қажетті құзыреттерді дамытуға жағдай жасау.

Курстың міндеттері тыңдаушыларды мектепке дейінгі білім берудің заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілеріндегі жаңартулармен, балаларды тәрбиелеу мен оқытуда қолданылатын заманауи тәсілдермен таныстыру; үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог кадрларының біліктілігін арттыру, кәсіби іс-әрекеттегі практикалық дағдыларын қалыптастыру; балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы негізгі әрекет – ойынды заманауи тәсілдер негізінде ұйымдастырудың тиімді жолдарын түсіндіру және балалардың қажетті дағдыларын қалыптастыруда кіріктірілген тәсілдерді қолдану әлеуетін жетілдіру; IT-технологияларды, цифрлық білім беру ресурстарын және виртуалды зертханаларды педагогикалық іс-әрекетте тиімді пайдалануға үйрету; педагогтердің кәсіби іс-әрекетке деген ынта-ықыласын арттыру.

Курсты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Педагогикалық білім беру және менеджмент кафедрасының сениор-лекторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Атыманова Каргаш Жолжақсыновна жүргізеді.