10 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ТӘРБИЕШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КЕЗЕКТІ КУРС АЯҚТАЛДЫ

«Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісінің кәсіби іс-әрекеті және оның заманауилық аспектісі» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған біліктілікті арттырудың кезекті курсы сәтті аяқталды.

 

Аталған курсты 2026 жылдың ақпан – наурыз айы аралығында университеттің Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығы ҚР Оқу-ағарту министрлігімен келісілген мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған бағдарлама аясында ұйымдастырып өткізді.        

Оқу бағдарламасы мектепке дейінгі білім беру саласындағы заманауи талаптарға сай әзірленіп, тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды.  

 Біліктілікті арттыру курсынан Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің “Күншуақ”, “Арай” және №102 бөбекжай-балабақшаларының тәрбиешілері өтті.

Курсты педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қарғаш Атыманова өткізіп, ол қатысушыларға мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісінің тәрбиелеу мен оқытудың инновациялық әдістері, педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың заманауи тәсілдері қамтылған дәрістері мен практикалық сабақтарын ұсынды.   

Курс соңында сертификат табыстау рәсімі өтіп, қатысушылар ұсынылған оқу-әдістемелік материалдардың мазмұнды әрі тәжірибеде қолдануға қолайлы болатындығын, сонымен қатар білім беру бағдарламасының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ олар Аманжолов университетінің курс ұйымдастырушыларына және қауымдастырылған профессор Қарғаш Атымановаға сапалы білім алғандары үшін алғыстарын білдірді.