3 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚ БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде облыс мектептерінің 11-сынып оқушылары арасында құқық пәні бойынша аймақтық олимпиада өтті. Білім сайысы университеттің Құқықтану кафедрасының бастамасымен ұйымдастырылды.

Олимпиаданың басты мақсаты – оқушылардың құқық саласына деген қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылық және аналитикалық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша білім деңгейін анықтау.

Байқауға Шығыс Қазақстан облысының әртүрлі мектептерінен келген 11-сынып оқушылары қатысты. Олимпиада бірнеше кезеңнен тұрды және қатысушылардың құқықтық білімін, логикалық ойлауын, талдау және дәлелдеу қабілетін жан-жақты бағалауға бағытталды.

Алғашқы кезеңде қатысушылар «Білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбында эссе жазды. Бұл тапсырма оқушылардың сыни ойлауын, құқықтық тұрғыда пайымдау қабілетін және өз көзқарасын дәлелдей алу деңгейін анықтауға мүмкіндік берді.

Екінші кезеңде оқушылар «Құқық негіздері» пәні бойынша тест тапсырмаларын орындап, негізгі құқықтық ұғымдар мен заңнамалық нормалар бойынша білімдерін көрсетті.

Олимпиаданың үшінші кезеңінде қатысушыларға құқықтық ситуациялық есептер ұсынылды. Оқушылар берілген жағдайларды талдап, заңнамалық нормаларға сүйене отырып шешу жолдарын ұсынды.

Олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Гран-при, I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Аталған білім сайысы дарынды оқушыларды анықтауға, олардың ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыруға және болашақ заңгерлерге кәсіби бағдар беруге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Сонымен қатар олимпиада жеңімпаздары Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-ға түсу кезінде университеттің қабылдау ережелеріне сәйкес белгілі бір артықшылықтарға ие болады.

Университет қабырғасында өткен бұл олимпиада мектеп оқушылары үшін өз білімдерін сынап, құқық саласына деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берді.