5 января 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ СҰХБАТЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық сұхбаты кеңінен талқыланды. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен жас ғалымдар бұл мазмұнды сұхбатты еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат ретінде бағалады.
Жиын барысында қатысушылар Президент сұхбатының жай ғана ой-толғам емес, Қазақстанның ұзақмерзімді болашағына арналған нақты бағдар екенін атап өтті. Соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, Конституциялық өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамалар жаңа кезеңге нық қадам басқан елдің айқын көрінісі екені айтылды.
Талқылау кезінде Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялау туралы шешіміне ерекше назар аударылды. Университет қауымдастығы бұл бастаманы уақыт талабына сай, жаһандық үдерістермен үндес маңызды қадам деп бағалады. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту – экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, білім мен ғылымды жаңа деңгейге көтерудің басты тетігі екені атап өтілді.
Сондай-ақ сұхбатта айтылған экономиканың тұрақты өсімі, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік-логистика әлеуетін арттыру, энергетика, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды. Бұл бастамалардың барлығы халықтың өмір сапасын жақсартуға, өңірлердің тең дамуына және елдің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.
Әсіресе, білім мен ғылымды, адами капиталды дамыту мәселесіне университет ұжымы ерекше мән берді. Қатысушылардың пікірінше, заманауи университет тек білім берумен шектелмей, инновация, технология және ұлттық құндылықтарды ұштастыратын орталыққа айналуы тиіс. Білімді, ойы сергек, цифрлық сауаты жоғары ұрпақ – еліміздің басты стратегиялық ресурсы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамда жауапкершілік, еңбекқорлық, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын нығайту қажеттігі – тұрақты дамудың, сенімді болашақтың берік іргетасы.
Бүгінгі талқылау әрбір студенттен, оқытушыдан, ғылыми қызметкерден жаңа ойлау жүйесін, нақты нәтиже мен белсенді ұстанымды талап ететін кезең екенін тағы да көрсетті. Біз ел Президенті айқындап берген стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Алдымызда тұрған мақсат айқын: бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру, заманауи білім мен ғылымды дамыту, цифрлық дәуірге лайық Қазақстанды бірге құру.



